Бас бет Жаңалықтар Оңтүстікте жаңа медициналық пункттер ашылды

Оңтүстікте жаңа медициналық пункттер ашылды

Бөлісу

Ақпан айы оңтүстік қазақстандықтар үшін жағымды жаңалықтармен басталды. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев Сайрам ауданы Теспе елді мекенінде модульді құрамалы медициналық пунктін ашып берді. Бұл медициналық тірек шалғайдағы ауылдарға өте тиімді болып келеді. Біріншіден, оның құрылысына көп уақыт кетпейді, екіншіден – бюджет қаражатын екі есе тиімді жұмсалуын қамтамасыз етеді.

Дәл осындай құрастырмалы-қаңқалы модульдік конструкция әдісімен салынған нысан Сайрам ауданының 2 елді мекеніне тапбысталса, Бәйдібекте – 3, Түлкібаста – 2, Сарыағаш өңірінде 13 данасы пайдалануға берілді. Мемлекет үшін аса маңызды мәселе болып табылатын халық денсаулығын сақтау екенін айтқан облыс әкімі, елімізде отандық медицинаны дамытуға баса назар аударылып келетінін айтты.

Сайрам ауданында үстіміздегі жылы осындай үлгідегі 5 нысан ашылмақ. Бұл өз кезегінде аудан тұрғындарының денсаулық насынана деген сұранысты 100 процентке шешіп бермек. Ал Ақсукент ауылында бір ауысымда 500 пациентке арналған емхана құрылысы басталуда.

Сондай-ақ, ауданға компьютерлік томограф сатып алып, инсульт орталығын ашу жоспарда тұр. Жаңадан лентасы қиылған медициналық пункт туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мухан Егізбаевтың айтуынша бұл медициналық тіректе фельдшер мен медбике жұмыс істейді. Аталған тірек 50-800 тұрғыны бар елді мекендерде орнатылады. Енді Теспе ауылының ауыл тұрғындары бастапқы медициналық қызметті алу үшін аудан орталығына баруы шарт емес.

Жалпы облыста жыл соңына дейін модульді құрамалы тағы 47 медициналық пункт тапсырылатын болады. Алаңы 125 шаршы метр құрайтын, медициналық құралдармен жабдықталған модульдік конструкцияның құны 30 млн теңге.

Еске сала кетейік, облыс бойынша 2017 жылы 33 денсаулықсақтау нысаны пайдалануға берілді. Жалпы Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша 846 денсаулық сақтау нысаны болса, соның 225 медициналық тірек болып табылады.