Бас бет Жаңалықтар АГРО ӘЛЕМ Шымкентте жасыл желек шаруашылығы шарықтай түсуде

Шымкентте жасыл желек шаруашылығы шарықтай түсуде

Бөлісу

Шымкент қаласын көріктендіру мен көгалдандыру басты мәселелердің бірі. Шымкент — аумағы бойынша елімізде ең ірі шаһарлардың бірі болғаннан кейін, жыл сайын халық саны өсуімен қатар автокөліктерге деген сұраныс ұлғая түсуде. 2011 жылы Шымшаһар экологиялық ахуалы нашар екі қаланың қатарына қосылған. Соңғы жылдары қаланың экологиясын жақсарту үшін бірқатар жұмыстар атқаралып жатыр. Осы мақсатта шетелдерден түрлі ағаш көшеттері сатып алынып, отырғызылуда. Мұнан бөлек отандық кәсіпкерлер де қол қусырып отырмай, қаламызда қылқан жапырақты ағаштар тұқымбағын қалыптастыруда. Міне сондай азаматтардың бірі — «Ақ қайын» шаруа қожалығының төрағасы Үсен Есмұрзаев тұқымбақтың тынысымен таныстырып өтті.

Үсен Есмұрзаев, «Ақ қайын» шаруа қожалығының төрағасы: «Қылқан жапырақты ағаштардың 40-қа жуықтүрі өсірілуде. Жалпы тұқымбағының аумағы 100 гектарды құрайды. Суару жерасты суынан аламыз. Ағаштардан басқа жылыжайда раушан гүлдерді өсіреміз.  10 сотка аумақта егілген раушан гүлдер 8 наурызға дайын болады деп отырмыз».

Шет елден сатып алынған көшеттер жерсінуі үшін уақыт қажет. Голландия, Бельгиядан «балапан» кезінде келген ағаштар ерекше күтімді талап етеді. Әр ағаш сортын уақытылы суару, оны сумен сепкілеу, аптап ыстықта төбесін жабу, өсу динамикасын бақылап отыру оңай жұмыс емес. Аға бағбан Жәнібек Есмұрзаев күнделікті жұмысы туралы түсіндірді.

Жәнібек Есмұрзаев, аға бағбан: «Көшеттердің ішінде ең қымбаты – «Блю диамонд» соттыр шырша. Бұлағаш өте қымбат және өте көрікті. Арнайы күтуді талап етеді. Ал, бой алса, күтімді қатты қажет етпейді».

ЗКТ: Шаруа қожалығы тек ағаш өсірумен ғана шектелмейді. Халықаралық әйелдер күні мерекесіне «басты сыйлық» болып табылатын раушан гүлінің қазақстандық сорты да дайындалуда. Гүл өсіремін деген азаматтар бұл жерден көшеттерді де сатып алуына мүмкіндік бар. Айта кету керек, ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі территориясын гүлмен безендірген осы шаруа қожалығы. Топырақтың құнарлылығын арттыру үшін минералды тыңайтқыш сатып алмаймыз дейді шаруа. Ол үшін биогумусты қолдан жасап, сонымен құнарландыру жұмыстары жүргізіледі.  Мұндай жағдайда шығын көлемі төмендейді екен. Бұл өз кезегінде тауардың өзіндік құнын қымбаттатпайды. Сонымен қатар, қожалық қажетті энергияның бір бөлігін күн батареясынан өндіріп келеді. Шаруаның тағы бір арманы, қожалық аумағының маңынан ағып жатқан Бадам өзенін пайдаланып электр энергиясын өндіру. Заман талабына сай қаладағы ғимарат ауласын көріктендіру үшін жасыл шымдық кеңінен қолданылып жатыр. Іскер агроном бұл жерде де өз біліктілігін танытты. Жаз мезгілінде жасыл шымның шаршы метрін 1100 теңгеден сатып алушылар алдын ала тапсырыс береді екен. Жасыл төсеніш аларманға жетуі үшін 21-22 орымнан өтуі тиіс. Үсен Есмұрзаев өз тауар бағасының қымбаттағанын қаламайды. Себебі әр бір жасыл желектің құны кез-келген қала азаматының қалтасына салмақ түсірмеген жағдайда ғана әр аула гүлденіп, Шымкенттің шырайын еселене түспек.