Бас бет Uncategorized Шымкентте интенсивті бау өсіру технологиясы іске асырылуда

Шымкентте интенсивті бау өсіру технологиясы іске асырылуда

Бөлісу

Бау-бақша шаруашылығы негізгі экстенсивті және интенсивті түрмен дамиды. Әр қайсысының өзінің жетістіктері мен кемшіліктері бар. Бірінші әдістің оңтайлы жақтары тек үлкен бауларда байқалады. Мысалы, бұл жерде ағаштардың бірнеше сорттарын қатар егіп, қолайсыз ауа-райында да жеміс алуға болады. Осы бау шаруашылығының ағаштары күтімді аса қажет етпейді. Басты кемшілігі – өнім 2-3 жылда ғана молынан теріледі. Ал, интенсивті бақша өсірудің пайдасы – аз ғана аумақтан мейлінше көп өнім жинауға болады. Есесіне, мұндағы ағаштарға ерекше күтім қажет. Шымкентте интенсивті әдіспен алма ағаштарын екі ғана шаруашылық өсіріп келеді. Солардың бірі қаланың батыс бөлігінде 16 гектар жерді алып жатыр. Жаңадан отырғызылған алма бауының иесі Ақсауле Жандарбекова өз кәсібі туралы айтып берді.

Ақсауле Жандарбекова, «Алтын Тур» ШҚ директоры: 16 гектар жеріміз бар. Соның жартысына алманың 4 сұрыпын екетік. Өткен жылы отырғыздық, биыл гүлдеу керек. Келе жылы жеміс байлайды деп отырмыз.

Күтімді ерекше қажет ететін бақшада жұмысшыға көп нәрсе байланысты. Бір-екі жылда өнім күтіп отырған жас алма көшеттер тамшылап суару жүйесі арқылы нәрленеді. Тереңдігі 70 метр ұңғымадан тартылған су арнайы ауытқа жиналып жылытылады екен. Ол жерден израильдік сүзгіден өтіп, құбырлармен әр түпке жетеді. Бақша күтушісі Серік Аширов жас желектерді суару автоматты түрде жасалатынын айтты. Сонымен қоса, шетелдік сорттағы алма ағаштарының күту жолдарымен таныстырды.

 

Серік Аширов, бағбан: Ағаш түптерін күтіп, баптаймыз. Уақытылы тамшылау әдісімен суарамыз. Алдыңғы екі жыл гүлдерін жұлып тастау керек. Енді бір жылдан соң нышан көрсетеді.

Күнгейде алғашқы қадам басып келе жатқан бау шаруашылығының бұл әдісі өзіне біраз азаматтардың назарын аударуда. Ықшам ғана аумақтан мол өнім жинап алу қызықтыратын кәсіп. Азық-түлік белдеуін қалыптастыруда интенсивті түрдегі әдіс ауыл шаруашылығында әлі өз орнын ойып тұрып алар күн ұзақ емес.